425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Үкімет инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін бекітті

  • 144
  • UPD: 10:51, 07.09.2021
Үкімет инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін бекітті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешені қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда инфляцияның өсуіне жол бермеу бойынша алға қойған міндетін орындау мақсатында Үкімет қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі.

Азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында секторда құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алынып, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін шикізаттың тұрақты және болжамды бағаларын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі.

Өндірушілерге жеңілдікпен кредит және субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. 

Елдегі Өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді.  Азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясында қажет болса, тапшылық орын алып отырған немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды сыртқа шығаруға шектеу енгізу көзделеді. Медициналық қызметтердің кешенді тарифтерін және бірқатар медициналық тауардың шекті бағасын алдын ала бекіту қамтамасыз етіледі.

Инфляция импортының жоғары деңгейі бар өндірістерді ұлғайту жөнінде нақты шаралар қабылданады, оның ішінде құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері де бар.

Ақша-несие саясатының аясында инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлеміне бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады.

«Бұл шаралардың бәрі осы жылдың аяғына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға көзделген шараларды орындауға дереу кірісуді, Ұлттық экономика министрлігіне олардың іске асырылу барысына мониторинг жасауды тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы