БҰҰ Бас ассамблеяның жиыны Семей полигонының жабылуына арналды

Қазақстанның антиядролық тәжірибесі өзге елдерге үлгі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені ядролық қарусыз әлем қалыптастыру мәселесі өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтқан емес. Ал Қазақстан жаһандық қауіпсіздікті құру бастамасын осыдан 30 жыл бұрын көтерген еді. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында кеңінен айтылды.

Талғат Алманов, тілші:

– Мен БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб пәтерінің алдында тұрмын. Дәл қазір мұнда Бас Ассамблеяның ұйымдастыруымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс өтіп жатыр. Биылғы жиынның ерекшелігі сол – пленарлық отырыс Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 12-пленарлық отырысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеүндеуімен ашылды. Елбасы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметтің маңыздылығына тоқталып, халықаралық аренада антиядролық қозғалысты ілгерілету жолындағы қазақстандық дипломатияның ерекше күш-жігерін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

– Наша страна имеет своё особое место в авангарде движения за мир без ядерного оружия. Более того, стремление к жизни без страха и с верой в завтрашний день человечества стало важнейшей частью общенационального самосознания казахстанцев. В этой связи я признателен государствам-членам ООН за принятие резолюции о поддержке инициированной мною Всеобщей декларации о построении мира, свободного от ядерного оружия. Несмотря на очень сложную ситуацию на международной арене, о чём всем нам хорошо известно, подтверждаю свою уверенность в том, что мы вместе можем достичь данной цели к столетию Организации Объединенных Наций в 2045 году.

Бас Ассамблеяның төрағасы Волкан Бозкыр ядролық сынақтардан зардап шеккен құрбандарды еске алып, Қазақстанның антиядролық бастамасының маңыздылығына ерекше тоқталды. Айтуынша, осыдан 30 жыл бұрын көтерілген мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан емес. Дәстүрлі жиынға әлемнің жүзге жуық елінен қатысқан делегация өкілдері Қазақстанның батыл қадамы маңызы терең тарихи оқиғаға айналғанын мәлімдеді.

Роберт Флойд, ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысы:

– Бас Ассамблеяның биылғы жиыны Қазақстан үшін ғана емес барлық елдер үшін де маңызды. Себебі Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолында өте үлкен үлес қосты деуге болады. Алдағы уақытта Қазақстанның салып кеткен үлгілі бастамасын жалғастырып, ядролық сынақтарды тоқтату үшін жұмыс істейміз.

Вивиан Океке, БҰҰ жанындағы атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Нью-Йорктегі кеңсесінің басшысы:

– Әлем ядролық сынақтардан келетін зардапты түсіну керек. Осы орайда Қазақстанның үлгісін атап өткен жөн. Өйткені қазақ елі жай ғана сөз күйінде емес, іс жүзінде әлемді ядролық сынақтан азат етуге болатынын дәлелдеді. Менің ойымша, бұл әрекет арқылы Қазақстан экономикалық дамуға да қол жеткізді деуге болады.

Айта кету керек, Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні» 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен қабылданған еді. Содан бері дәстүрге айналып, осымен 12-ші рет атап өтілген жиында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Мағжан Жанботаұлы БҰҰ мүше-мемлекеттерін «Ядролық қаруға тыйым салу» туралы шартқа қосылуға шақырды.

Мағжан Ілиясов, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Бүгінгі іс-шараның ерекше маңыздылығы Семей полигонының 30 жылдық жабылуына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тарихи шешім Елбасының еңбегі екендігін бүгінгі жиында сөз алған көптеген делегация мүшелері де атап өтті. Сонымен қатар Семей полигонын жабу әлемдік ядролық қаруды таратпау жолына ерекше импульс бергендігі айтылды.

Бас Ассамблеяның пленарлық отырысынан кейін Семей ядролық полигонына арналған арнайы фотокөрме ұйымдастырылды. Аталмыш экспозицияда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихы, сол кездегі ядролық сынақтардың құрбандары мен Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесі туралы фотосуреттер қойылды.

Талғат Алманов