Ауғанстаннан қандастарды жеткізу Қорғаныс министрлігінің ұшағымен іске асты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауғанстаннан 35 қандас елге жеткізілді.

Қорғаныс министрлігінің ұшағымен Алматыға барлығы 41 жолаушы ұшып келді. Төртеуі Қазақстан азаматы. Тағы біреуі Қырғызстан тұрғыны. Бұдан бөлек жолаушылардың арасында Қазақстанда тұратын Ауғанстан азаматы бар. Олардың барлығы уақытша оқшауланады. Кабул қаласындағы Қазақстанның Елшілігі қазір қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Олар ауған жеріндегі қандастармен тұрақты байланыста.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

- Бүгін Алматы әуежайына Ауғанстан аумағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Өзіміздің қандастарды Ауғанстаннан шығару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және ҚР Кабулдағы Елшіліктің қолдауымен болған еді.