Лондонда Қазақстанның қатысуымен ядролық қару жөнінде конференция өтті

Лондонда ядролық қарудың қоршаған ортаға әсері жөнінде халықаралық конференция өтті. Сарапшылар жаппай қырып жоятын қарудың қысқа және ұзақ мерзімді салдарын талқыға салды. Іс-шара Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай ұйымдастырылды.

Конференцияға қатысушылар Семей ядролық полигоны жабылса да оның қоршаған ортаға залал келтіруін жалғастырып жатқанын атап өтті. Климаттың өзгеруі, су ресурстарының қысқаруы, топырақтың тозуы, ауаның ластануы және биоалуантүрліліктің жоғалу проблемалары Орталық Азияның экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздігіне қатер төндіріп келеді.

Әйгерім Сейтенова, құқық қорғаушы:

- Ядролық қаруды сынау немесе қолдану өмір сүру құқығына, денсаулыққа және қоршаған ортаға нұқсан келтіреді. Біз мұны Кеңес Одағы кезінде елімізде жүргізілген сынақтардан нақты көруімізге болады. 456-дан астам бомба жарылды. Семей, Қарағанды, Павлодар облыстарының сол кездегі тұрғындары ғана емес, одан кейінгі ұрпақтары да сынақтардың зардабын шегіп жатыр.

Лейбористік партияның бұрынғы көшбасшысы, бүгінде парламент депутаты Джереми Корбин Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан ядролық қарудан бас тарта отырып, бүкіл әлеммен диалог орнату арқылы моральдық тұрғыда көшбасшы елге айналды, деді ол.

Джереми Корбин, Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының мүшесі:

- Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі ұйымдастырған іс-шара арқылы біз мемлекеттеріңіздің ядролық қарусыздану бағытындағы жұмыстарына қанығып жатырмыз. БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясын көптеген елдің қолдағаны белгілі. Қазақстанның бұл бастамасына Ұлыбритания да қосылса деген тілегім бар.

Конференцияны өткізуге Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және жою үшін» форумы, сондай-ақ Youth Fusion халықаралық жастар ұйымы атсалысты. Жиынға қатысушылар қатарында 50-ге жуық қазақстандық және халықаралық сарапшылар болды. Ал онлайн 400-ге жуық көрермен көрді.

Лэс Симм, Кембридж өзара түсіністік пікірталас алаңының атқарушы директоры:

- Меніңше, бүгінгі басқосудың басты ерекшелігі ұрпақтар сабақтастығында. Аға және жас буын өкілдері біріге отырып, проблеманың шешу жолдарын талқылап жатыр.

Жиынға қатысушылар ядролық қару және климат өзгеруінің проблемаларын шешу үшін батыл қадамдарға бару керек деген тұжырымға келді. Жаһандық проблемаларды кезең-кезеңімен шешетін уақыт жоқ. Саяси ерік-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіруіміз қажет деді олар.

Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

- Біз мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен қатысып отырмыз, түрлі буын өкілдеріміз. Ядролық қарусыздану бағытында іс-қимылымызды одан әрі жалғастырайық. Біздің және өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағы үшін күш біріктірейік.

Іс-шара Лондонның тарихи ауданы Вестминстерде орналасқан әйгілі ғимаратта ұйымдастырылды. Дәл осы жерде 75 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ең алғашқы отырысы өткен болатын. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің ең алғашқы қарары да осы жерде қабылданғаны белгілі.

Ғалымжан Қараманұлы