EAMF: тәліптер тәлім ала ма?

Ауғанстандағы ахуал елордада өтіп жатқан XVII Еуразиялық медиа форумның басты тақырыбына арқау болды. Әлемнің әр бұрышынан келген сарапшылар мен саясаттанушылар Орталық Азиядағы геосаяси қауіпсіздік туралы әңгімелесті. Әсіресе көршілес елдердің өзара ымыраға келу мәселесіне көңіл бөлінді. Халықаралық шарада тағы қандай тақырыптар көтерілді?

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Еуразиялық форумда талқыланған маңызды тақырыптардың бірі Ауғанстандағы ахуал. Спикерлердің айтуынша, «Талибан» қозғалысының билікте қалуы радикалды исламнан қалыпты исламға өту қарқынына байланысты. 

«Ауғанстандағы оқиғалар Орталық Азия аумағына қалай әсер етуі мүмкін?» деген атаумен өткен дөңгелек үстелге қазақстандық, ресейлік, өзбекстандық, тәжікстандық және пәкістандық сарапшылар офлайн және онлайн форматта қатысты. АҚШ-тағы Гудзон институтының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша аға ғылыми қызметкері Хусейн Хакканидің айтуынша, күллі әлем тәліптердің жүргізетін ішкі және сыртқы саясатынан тек оң өзгеріс күтеді. Бірақ бұл әзірге екіталай, дейді ол.

Хусейн Хаккани, Гудзон институтының аға ғылыми қызметкері /АҚШ/:

- Қазақстан Орталық Азияда орналасқан алпауыт мемлекет. Ауғанстан да Орталық Азия елдерінің бірі. Сондықтан ислам республикасындағы қауіпсіздік мәселесі күллі аймақ үшін маңызды. Әрине кейбірі «Талибан» қозғалысын бұрынғыдай радикалды емес дер. Бірақ мәселені түпкілікті шешу үшін олардың діни ұстанымы мен дәстүрлі мәдениеті кедергі болып тұрғаны жасырын емес.

Хусейн Хаккани «Талибан» қозғалысын халықаралық деңгейде мойындау бастамасын Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттері мен діни ұстанымы жағынан жақын Таяу Шығыс елдері көтере алады дейді. Ал Ресей Ғылым академиясының әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты орталығының басшысы Ирина Звягельская Ауғанстан мәселесін тәліптерге берілген мүмкіндік деп бағалайды. 

Ирина Звягельская, РҒА Әлемдік экономика, халықаралық қатынастар институты орталығының басшысы:

- Ауғанстандағы қазіргі жағдайға тәліптерге берілген мүмкіндік пен сыналар сәті ретінде қараған дұрыс сияқты. Өйткені олардың билікте ұзаққа қалуы өздерінің басты құндылықтарынан бас тарта алуына тікелей байланысты. Сондықтан қазіргі Ауғанстан белгілі бір салаларда жетістікке жетіп отырған көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Пәкістан сияқты елдермен жақсы қарым-қатынас орната ала білуі керек. 

Айта кеткен жөн, халықаралық шара 3 күнге жалғасады. Ертең форумның ашылу салтанаты өтеді. 

Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсембаев