Душанбеде ШЫҰ саммиті басталды

Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымына 20 жыл. Мерейтойлық саммит Душанбеде өтіп жатыр. Биыл Тәжікстан төраға. Келер жылы Өзбекстанға өтеді.

Саммитке Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Қырғызстан президенттері қатысады. Қалған Ресей, Қытай және Үндістан басшылары бейнеконференция форматында қосылады. Жиында ұйымның алдағы жылдарға арналған бағдарламасы бекітіледі. Коронавирусқа қарсы күрес шаралары пысықталады. Ауғанстанға көмек жайы қаралады және ұйымның географиясын кеңейту, сол арқылы сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланады. Бүгін Шанхай ынтымақтастығы ұйымына ресми түрде Иран Ислам Республикасы қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл елдің басшысы да бүгін саммит өтетін Наурыз сарайына келді. Сондай-ақ бақылаушы мәртебесіне ие Моңғолия мен Беларусь президенттері де Душанбеге жиылды.