ШЫҰ дамудың жаңа кезеңіне шығады

Инфрақұрылымдық стратегиялардың прагматикалық синергиясы ортақ мүдделерге сәйкес келер еді.

Төтенше жағдайлар кезінде көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою бұл бағыттағы маңызды қадам болады. Саммитте Президент осылай деді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты даму мен қоршаған ортаны қорғау біздің Ұйымға мүше барлық мемлекеттің назарында тұр деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге Еуразияда «үлкен ойындар» қажет емес, бәріне бейбіт, қауіпсіз және тұрақты болашақ қалыптастыру үшін зор серпіліс қажет. Бұл үшін біздің мемлекеттерде барлық жағдай бар. Тәжірибе, тетіктер, инфрақұрылым, ең бастысы, серіктестік орнатуға және бір-бірімен кездесуге деген ортақ тілек бар. Біздің ортақ мақсатымыз – ШЫҰ кеңістігін тұрақты, экономикалық дамыған және өркендеген макроөңірге айналдыру. 

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалықты абыроймен атқарған тәжік тарапына алғыс білдірді. Енді Ұйымға төрағалық міндеті Өзбекстанға өтті. Осы орайда Президент әріптесі Шавкат Мирзиёевке сәттілік тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қорыта айтқанда, Тәжікстанның жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру және Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жүргізген жемісті жұмысын атап өткім келеді. Сондай-ақ Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевті ШЫҰ төрағалығы басталуымен құттықтап, өзбек тарапына жауапты миссияда сәттілік тілеймін.