2022 жылы Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді

Елімізде келесі жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Жаһандық шара жазда ұйымдастырылуы тиіс еді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауыстырылды. Енді Елордада 6 қазан күні дін лидерлері хатшылығының 19-отырысы өтеді. Онда дінбасылардың VII съезінде талқыланатын маңызды мәселелер қаралады. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының 19-отырысына әлемнің 20-ға жуық елінен өкіл келеді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн қатысуға да мүмкіндік бар. Қазақ еліндегі тұрақтылық пен бейбітшілік жұмыр жердегі түрлі дін өкілдерін тағы бір мәрте елордаға жинауға арқау болды. Қазақстанның әлемдік аренадағы арағайындық әрекеті де рухани көшбасшыларды тәнті етіп келеді.

Ержан Нүкежанов, Дін істері комитетінің төрағасы:

- Мәдени ынтымақтастық, өзара түсіністік, өскелең ұрпақтың тәрбиесі де қарастырылады. Бұнда тек діни мәселе емес, әлемдік ахуалға байланысты ары қарай даму мәселелері қарастырылып отырады. Хатшылық мүшелері келісіп, өзара бірлесе жоспар құрып отырады.

Хатшылық отырысында дінбасылардың съезінде қаралатын мәселелер мақұлданады. Күн тәртібі мен нақты шаралар белгіленеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері өтіп келеді. Әр үш жыл сайын Қазақстан астанасы беделді дін көсемдерінің ашық диалог алаңына айналады.

Мәдина Бектенова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері:

- Алда өткен 6 съездің нәтижесінде көргеніміздей көптеген тақырыптар діннің қоғамдағы рөлі, әлемдегі бейбітшілікті орнатудағы орны сияқты тақырыптар көтерілген болатын. 2003 жылы 13 елден делегаттар келсе, 18 жылғы 6 съезге әлемнің 43 елінен 86 делегат келген. Мемлекетіміз халықаралық дәрежеде мойындалып, ондағы бастамалар пайдалы екені мойындалып жатыр.  

Келер жиынның да талқылайтын мәселелерінің тамыры терең, өзегі маңызды, көтерер жүгі ауыр болмақ. Ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді қамтамасыз ету тетіктері де назардан тыс қалмайды. Қазіргі әлемдік жағдайларды ескере отырып, діни және саяси көшбасшылардың ынтымақтастығын күшейту, халықаралық деңгейдегі дағдарыс жағдайларын талқылау мен еңсеру мәселесі де жан-жақты қарастырылады.

Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев