Қазақстан Орталық Азияның саяси, экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады – Рустам Эмомали

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасы Милли Мәжілісінің төрағасы Рустам Эмомалимен кездесіп, Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуде тараптар екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті. Мәулен Әшімбаев инвестиция, сауда-экономикалық байланыстар, ауыл шаруашылығы, көлік-коммуникациялық инфрақұрылым, цифрландыру мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың маңызы зор екенін алға тартты. Ол су-энергетика саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне де ерекше назар аударды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы мамырда Тәжікстанға жасаған ресми сапары аясында өзара қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтудың келешегі айқындалды. Екі ел Президенттерінің бірлескен мәлімдемесінде стратегиялық әріптестік қатынастарын дамытуға нық ұстанымдарын білдірді. Екі ел Президенттері орнатқан ынтымақтастықтың жоғары деңгейін Қазақстан мен Тәжікстан парламенттері байланыстары бойынша қолдау мен ілгерілетудің маңызы зор.

– Рустам Эмомали, Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің Төрағасы:

Қазақстан Орталық Азияның саяси және экономикалық өмірінде маңызды рөл атқарады. Сіздің еліңіз тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық даму мен халықаралық аренадағы өзінің беделін нығайтуда зор табыстарға қол жеткізді. Елдің ұзақ мерзімді келешекке негізделген көптеген даму бағдарламалары мен стратегиясы әзірленіп, табысты іске асуда. Осы орайда Сізді және бауырлас Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің алдағы 30 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді.