Қазақстан және Бельгия мамандары бала құқығын қорғау мәселесін талқылады

Брюссельде бала құқықтарын қорғауға жауапты қазақстандық және бельгиялық мамандар бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға қатысушылар екі елдің тәжірибесін сөз етіп, өзара пікір алмасты. Бельгиялықтар білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ мүгедек балаларды оқытуға қатысты ой бөлісті. Бұдан бөлек, Қазақстаннан барған делегация бірқатар мекеменің жұмысымен танысты.

Аружан Саин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Мемлекет бала құқықтарына көп мән беретіні көрініп тұр. Мемлекеттік мекемелер мен азаматтар және үкіметтік ұйымдар арасында байланыс жақсы жолға қойылған. Бала құқықтарын қорғауға қоғам бірауыздан атсалысады. Мемлекет балалардың жағдайын жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру, оңалту сынды мәселелерге қаржыны Үкіметтік емес ұйымдар арқылы жұмсайды. Бұл үшін мемлекеттік мекемелер құрылмайды.

Бернар де Вос, Брюссель мен Валлонияның бала құқықтары жөніндегі бас өкілі:

- Біздің жұмысымыз қазақстандық әріптестерімізге ұқсас. Басты міндетіміз - балалардың құқығын қорғау. Кездесуде көп мәселені талқылап, бала ауруларының алдын алу жобасы бойынша ақпаратпен алмастық.