Қазақстан мен Түркия парламенттерінің ынтымақтастығы нығаяды

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар екі мемлекеттің парламенттері бірлесіп жұмыс жүргізіп, жоғары деңгейдегі мақсаттарға қол жеткізетініне сенім білдірді. Нұрлан Нығматулин екі ел арасындағы қарым-қатынас қос мемлекет басшыларының арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында қарқынды түрде дамып келетінін атап өтті.

Жиында қозғалған мәселелерді талқылау ертең Түркістанда өтетін Түркітілдес елдері Парламент Ассамблеясының X пленарлық отырысында жалғасын табады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз бүгінгі кездесуімізде, екіжақты байланысты, соның ішінде парламентаралық әріптестікті күшейту бойынша көптеген сұрақтарды талқыладық. Алдағы уақытта біздің заң шығарушы органдар арасында ынтымақтастық жөніндегі топтар, парламенттегі комитеттер арқылы іссапарлар және тәжірибе алмасу жұмыстарын белсенді жүргізетін боламыз. Осының барлығы Қазақстан және Түркия арасындағы достық, туыстық, әріптестік байланысты нығайтуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы:

- Қазақстан Түркия үшін ерекше мемлекет. Біздің елдер арасындағы қарым-қатынастың дамуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының рөлі зор. Барлық саладағы ынтымақтастығымыздың нығаюына екі халықтың рухани байланысы да ықпал етіп отыр.