426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қ.Тоқаев пен В.Путин Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына онлайн қатысады

  • 151
  • UPD: 18:02, 27.09.2021
Қ.Тоқаев пен В.Путин Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына онлайн қатысады

30 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Көкшетау қаласында онлайн-форматта өтетін екі ел арасындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Форум аясында мемлекеттер басшыларының онлайн форматтағы кездесуі жоспарланған. Онда Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің басым бағыттары талқыланбақ. Форум биыл «Экология және «жасыл экономикалық» өсім салаларындағы ынтымақтастық» тақырыбы аясында өтеді, деп жазды Facebook-те Берік Уәли.

Іс-шара – екі мемлекеттің өңірлері арасындағы ықпалдастықтың перспективті бағыттарын талқылау, екіжақты қатынастарды нығайту, іскерлік топтардың байланыстарын және мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қарым-қатынастарын жандандыру үшін тиімді алаң. Жиынға қатысушылар трансшекаралық су ресурстарын басқаруға, климаттың өзгеруі мен көміртегінен арылуға, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға қатысты мәселелерді талқылайды. Форум қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы