Ресей АЭС салуда қазақстандық серіктестерін қолдауға дайын – Путин

Қазақстан мен Ресей экология және атмосфера тазалығын сақтау мақсатында бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Президенті Владимир Путин осылай деді.

Оның айтуынша, екі елдің жасыл өсім саласындағы бірлесе жұмыс жасауына мүмкіндіктер көп. Сондай-ақ Путин бұған дейін Қазақстан мен Ресейдің атом электр станциясын құру туралы уағдаласқанын айтты. Әрі бұл тұрғыда серіктес ретінде әрқашан қолдау көрсетіп, жәрдемдесетінін жеткізді. Атом электр станциясының ауаны ластауға әсері көп болмайтынын айтты. Мамандар атмосфераға түсетін жүктемені біртіндеп азайтуға, тиімді газ тазарту қондырғыларын іске қосу арқылы технологияларды жетілдіруге қол жеткізіп жатыр деді Путин.

Владимир Путин, РФ президенті:

– Ресей серіктестеріне, соның ішінде қазақстандық серіктестеріне атом электр станциясын салуға және пайдалануға жәрдемдесуге әрқашан қолдауға дайын. Атом энергетикасын пайдалану мақсатында жаңа мамандықтарды ресейлік жоғары оқу орындарында оқытуға мүмкіндік бар.