Қазақстан Еуропа Кеңесі Парламенттік сессиясына қатысты

Страсбург қаласында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының күзгі сессиясы өтіп жатыр. Бұл жиынға Қазақстан делегациясы да қатысып, елдегі демократиялық өзгерістер барысымен таныстырды. Еуропа Кеңесі Қазақстандағы саяси үдерістерге жоғары баға берді. 

Пандемия басталғалы Қазақстан делегациясы алғаш рет Еуропа Кеңесінің парламенттік сессиясына келді.  Бұл сапардың басты мақсаты Еуроодақ пен Қазақстан арасында парламентаралық ынтымақтастықты, елімізде өтіп жатқан реформалардың барысы мен өзекті халықаралық мәселелерді талқыға салу. Санитарлық шектеулерге қарамастан еліміз беделді халықаралық ұйыммен байланысын үзген жоқ. Қазақстан бірқатар еуропалық құрылымда байқаушы қызметін белсенді атқарып, ГРЕКО ұйымына мүше болды. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін Еуропа Кеңесінің басты органы. 

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:

- Еуропалық парламентарийлер Қазақстандағы өзгерістердің жүйелі түрде өтіп жатқанын жоғары бағалады. Елімізде реформалар жалғасатынын және мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру қажеттілігі айтылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында жасаған баяндамасын ерекше атап кетті.

Сессия барысында Қазақстан делегациясы Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблея төрағасы Рик Дамппен, оның орынбасарлары және Ассамблея комитеттерінің жетекшілерімен кездесті. Өлім жазасын алып тастау, парламенттік оппозиция институтын енгізу, партиялық құрылымды дамыту секілді елімізде жүзеге асқан шаралар жөнінде сөз қозғалып, қазақстандық реформалардың жаңа топтамасы талқыланды. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша мәселелерге ерекше көңіл бөлінді. Еуропа Кеңесі оларға парламентте және биліктің атқарушы органдарында квота бекіту туралы Қазақстан президентінің бастамасын жылы қабылдады. Сапар қорытындысы бойынша екі жақты ынтымақтастық аясын ұлғайту жөнінде келісім жасалып, Ассамблея төрағасы биыл Қазақстанға келуге ниетін білдірді.

Киммо Кильюнен, Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті:

- Қазақстан –  Еуропа Кеңесіндегі ең белсенді байқаушылардың бірі. Адам құқықтарын қорғау, демократия, заң қадірлеу секілді мәселелерде біздің ұстанымызды қолдайды. Бұл бізге ортақ маңызды қағидаттар. Елдеріңізді Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын.

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:

- Парламентаралық ынтымақтастықтың саяси тұсын ұсынумен қатар, Қазақстанда дарынды жастар, әсіресе балалар арасында өте көп екенін көрсеттік. Мұны екі жақты ынтымақтастықтың маңызды бөліктерінің бірі деп санаймын. Оны халық дипломатиясы деп атауға болады. 

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еуропалық парламентарийлер үшін салтанатты кеш ұйымдастырылды. Бұл Ассамблея мүшелері үшін тосынсый болды. 8 жасар Бекнұр Жәнібекұлы Еуропаның үш тілінде ән шырқады. Сондай-ақ алғаш рет Страсбургте Ұлы Даланың бай тарихи мұрасы жайлы сыр шертетін музыкалық спектакль көрсетілді.

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан