Аида Балаева Еуропалық одақтың арнайы өкілдерімен кездесті

Бүгін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында министр Аида Балаеваның Еуропалық Одақтың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Эндрю Гилмормен кездесуі өтті.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлайды.

Кездесуге сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала, ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Кестутис Янкаускас, Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің Орталық Азия бойынша басқармасының басшысы Дитмарос Крисслер, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Лима Диас және т. б. қатысты.

Қонақтар Қазақстанның Азаматтық альянсы мен Ұлттық еріктілер желісі орналасқан АБҚО жаңа офисімен танысты. Мұнда кез келген адам қандай гранттар жүзеге асырылып жатқаны жөнінде, түрлі конкурстарға қалай қатысуға болатыны туралы тегін кеңестер ала алады.

«Бұл азаматтық қоғамды дамытудың нағыз орталығы деп айтуға болады. Кез келген ҮЕҰ өкілдері немесе азаматтық бастама танытқан азаматтар әрдайым осында келіп, оны қызықтыратын азаматтық саланың барлық мәселелері бойынша толыққанды кеңес ала алады», - деп атап өтті А.Балаева.

Министр Э.Гилморға азаматтық қоғамның заңнамалық базасын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Өз кезегінде Еуропалық тарап өңірлік қауіпсіздікті дамыту бойынша бірлескен күш-жігерді арттырудың маңыздылығын атап өтіп, екі тараптың әлеуетін дамытуда өзара жәрдемдесуге ниет білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар әріптестік негізде сындарлы ынтымақтастыққа екеуара қызығушылық танытты.

Айта кетейік, кездесу Эндрю Гилмордың Қазақстанға сапары аясында өтті. Сапар бағдарламасында ЕО-ОА азаматтық форумына қатысу және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының мемлекеттік органдары басшыларымен кездесу де бар.