426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Сенатта БҰҰ Бас хатшысының көмекшісімен кездесу өтті

  • 112
  • UPD: 10:04, 14.10.2021
Сенатта БҰҰ Бас хатшысының көмекшісімен кездесу өтті Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Спольярич Эггермен кездесті.

Іс-шара барысында сұхбаттасушылар Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Кездесуде 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібі кеңірек қозғалды.

«Қазақстанда ұлттық бағдарламалардың негізгі параметрлері БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарымен (ОДМ) сәйкестендірілді. Қазіргі таңда олардың 80 пайызы елдің стратегиялық құжаттарына интеграцияланды. Қазақстан 2022 жылы Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумда осы саладағы жетістіктерге арналған өзінің екінші Ерікті ұлттық шолуын ұсынады. Орнықты даму мақсаттарын ұлттық деңгейде іске асыруда Қазақстан Парламенті негізгі рөл атқарады», – деді Асқар Шәкіров.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ қамқорлығымен Қазақстанда Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін ОДМ-ның Өңірлік орталығын құру туралы бастамасын іске асырудың маңызы атап өтілді.

Ауғанстандағы ахуалды талқылау кезінде БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Қазақстан Президентінің Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу бойынша миссиясының қашықтан жұмыс істейтін кеңсесін уақытша орналастыру туралы шешімін жоғары бағалады.

«Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу бойынша миссиясын уақытша орналастыру туралы шешім Қазақстанның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін айқын көрсетті. Біздің еліміз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуге арналған халықаралық істерге өз үлесін қосуға дайын», – деді вице-спикер.

Сонымен қатар Асқар Шәкіров БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерін дамушы елдерде бірлескен жобаларды іске асыру арқылы Даму үшін ресми көмек (ДРК) саласындағы уәкілетті орган KazAID агенттігімен ынтымақтасуға шақырды. Қазақстан соңғы 20 жылда шет мемлекеттерге Даму үшін ресми көмекке балама мақсаттар үшін 540 миллион доллардан астам қаражат бөлген.

Өз кезегінде БҰҰ өкілі Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік алғалы рецептиент елден донор елге айналғанына және адам дамуындағы жетістіктеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, Мирьяна Спольярич Эггер Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістердің тиімділігін атап өтіп, адам құқықтары БҰҰДБ саясаты мен даму бағдарламаларының маңызды аспектісіне айналатынын тілге тиек етті.

Бұдан басқа, тараптар ОДМ-ға қатысты БҰҰ құрылымдары мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылады.

Айта ктейік, қазақстандық сенатор ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті және ОДМ бойынша Ассамблеяның арнайы өкілі ретінде өкілдік етеді.

Хабар 24 телеарнасы