Анар Жайылғанова БҰҰ Бас хатшысының көмекшісімен кездесті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггермен кездесті, деп хабарлайды Хабар 24. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Агенттік төрағасы Эггер ханымға және БҰҰ даму бағдарламасына Агенттіктің бастамаларын қолдағаны үшін алғысын білдірді, сондай-ақ Агенттіктің мемлекеттік қызметті цифрландыру, мемлекеттік аппараттың әлеуетін дамыту және Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөніндегі жобалары туралы айтты.

Өз кезегінде Мирьяна Сполярич Эггер ханым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізіп жатқан жұмыстың маңыздылығын, атап айтқанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізудегі адами капитал мен цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

Қорытындылай келе, екі тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қысқа және орта мерзімді перспективада жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдірді.