Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық талқыланды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Маттео Мекаччимен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесу барысында елдегі демократиялық реформаларды іске асыру барысы талқыланды. Және Сенат пен бюро арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды. Мәулен Әшімбаев Президенттің бастамасымен барлық салада кешенді және жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Осы ретте саяси жүйені демократияландыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге, саяси бәсекелестікті арттыруға және адам құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдай жасауға баса мән берілетінін атап өтті. Осыған байланысты саяси жүйені одан әрі жаңғыртуды көздейтін заңдар топтамасын қабылдадық деді ол. Өз кезегінде Маттео Мекаччи Қазақстанның адам құқықтарын қамтамасыз ету және елдегі саяси жүйені одан әрі демократияландыру бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалады.