Мәжіліс төрағасы Ералы Тоғжановты сұрақтың астына алды

Бүгін Парламент Мәжілісінде алдағы үш жылдағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарын айқындайтын екі маңызды құжат қаралды. Оның бірі – Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт болса, екіншісі – республикалық бюджет туралы заң жобасы. 2022-2024 жылдар аралығында Ұлттық қордан 6,6 триллион теңге бөлінбек.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев бұл қаражының қазақстандықтардың зейнетақысына бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық қор кейін мұнай өнімдерін сату есебінен толтырылмақ. Жалпы, 1,5 жылда алғаш рет журналистердің қатысуымен өткен оффлайн отырыста тағы не айтылды? Бақыт Топтаева тарқатып айтып береді.

Тілшілерге толы зал, ғимаратқа кіре сала білек сыбана жұмысына кіріскен операторлар. Бұл пленарлық отырыс өзге отырыстардан өзгерек. Өйткені парламент мәжілісінің баспасөз орталығы араға 1,5 жыл салып қызметін қайта бастады. Сөйтіп БАҚ өкілдері отырысқа онлайн қосылмай, орталықтың өзінен тыңдауға мүмкіндік алды. Пленарлық отырыста қаралған бірінші заң жобасы ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы болды. Ұлттық экономика министрі жоспарлы қаржының көлемін жариялады.  ГРАФИКА/ Келер жылы қордан ел қазысына 2 трл 400 млрд, 2023 жылы 2 трлн 200 млрд, ал  2024 жылы 2 трл теңге құю көзделген. Халық қалаулылары бұл жобаны бірауыздан мақұлдады. Есесіне 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет қызу талқыға ұшырады. Бұған бір жағынан эпид ахуал, екінші жағынан экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы себеп. Сөз алған ұлттық банк төрағасы инфляцияны тежеудің негізгі факторына тоқталды.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

– Жылдық инфляция қыркүйекте 17 өңірдің 13 өңірінде жылдамдады, ол 6 облыста 9 пайыздан асып отыр. Ұлттық банктің пікірінше, өңірлік нарықтарда бағаларды тұрақтандыру және тауарлар тапшылығына жол бермеу биылғы жылғы инфляцияны «тежеудің» негізгі факторлары болып саналады.

Келер жылы бюджет шығыстары 16 трлн-ды құрамақ. Одан кейінгі екі жылда да шығыстардың көлемі осы мөлшерде. Үш жылға арналған бюджет шығысын талдай келе, депутаттар қаржыны шашау шығармай игерудің маңызына тоқталды. 

Серік Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты

– Мемлекеттік шығыстардың тиімділігіне қатаң бақылау қажет. Күрделі экономикалық жағдайды ескере отыра бюджет қаражатын шашуға ешқандай жол берілмеуі керек. Өз мүмкіндіктерінің шегінде ғана жұмсаған жөн. Үкімте бөлінген қаражатты толық әрі сапалы игеру үшін бар күш салып, қабылданған параметрлер шеңберінде бюджетті атқарады деп үміттенеміз

Жалпы, депутаттар қойған сауалдардың дені сала-сала бойынша қаражат қалай, қайдан бөлінеді деген сарында болды. Алғашқысы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолданды.

Жәмиля Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

– 2022-2024 жылға арналған республикалық бюджет жобасында ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға бюджет қаражаты қарастырылмаған. Айтыңызшы, вакцина қандай қаражат есебінен сатып алынады?

Сауалға бірден жауап берудің орнына, вице-премьер алдымен ведомствоаралық комиссияның жұмысы туралы мәлімет беруді жөн көрді. Айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін 100 мың адамды үшінші рет вакциналаудан өткізу жоспарда бар. «Келесі жылы бұл көрсеткішті 2 млн-ға жеткіземіз»,– деді Ералы Тоғжанов.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің Орынбасары:

– Ал 2023-2024 жылдарға байланысты біріншіден эпиджағдайға байланысты, екіншіден халықаралық тәжірибеге байланысты нақты шешімдер қабылданатын болады. Қазақстан халқы ревакцинацилаумен, вакцинамен толықтай қамтылатын болады. Рахмет!

Нұрлан Нығматулин, Қр Парламенті Мәжілісінің Төрағасы

– Ералы Лұқпанович, басқа сұрақ болды ғой. Комиссияның қалай жұмыс істеп жатқанын, ол ақпаратты біз біліп, естіп отырмыз. Түсінікті, тікелей сұрақ болды. Ревакциналау, вакцина 2022-2024 жылғы бюджетте қарастырылмаған. Қай қаражаттың есебінен сатып аласыз?

Түптің түбінде үкімет мүшелері сан-алуан сауалға тікелей жауап берді. Бұл жолы сұрақ астына алған депутаттар емес, залдың кіре берісінде анталаған тілшілер болды. Өйткені кез-келген түйткілге түсініктеме алуда БАҚ өкілдері үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Эпид ахуал сан құбылған тұста мұндай мүмкіндіктен журналистердің айырғылысы келмейтіні айдан анық.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров