Елбасы өкілеттігін тоқтату туралы шешімді қашан қабылдағанын айтты

Елбасы «Хабар» арнасынан көрсетілген «Штрихи к портрету» фильмінде өкілеттігін тапсыру туралы сауалға жауап берді.

Тілшінің «бұл шешіміңізді әріптестеріңізбен, өзге елдердің басшыларымен талқыладыңыз ба?» деген сауалына Елбасы былай деп жауап қатты:

– Мұндайды жария етуге болмайды. Ешкімге айтқан жоқпын. Тек сол күні таңертең Путинге қоңырау шалдым. Ол аң-таң болды. «Бүгін кешке жарияланады. Өз аузымнан естігеніңіз дұрыс болады деп шештім» дедім. Басқа ешкім білген жоқ. Бұл ой маған біраз уақыт бұрын келген. 2015 жылы 75 жылдықты атап өттік, сол кезде-ақ осымен тоқтату керек деп шештім. Қазақстан халқы Ассамблеясы менің өкілеттігімді сайлаусыз созу үшін ел аумағында қол жинай бастады. Менің қарсылығыма қарамастан, 5 млн қол жиналды, бұл дегеніңіз – электораттың 65 проценті. Сол кезде мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешім қабылданды.

Алғашқы халықтық сайлау 1991 жылы өтті, 98,8% процент дауыс жиналды, ал соңғысында – 97,8%. Сайлау нәтижелерімен танысып шықтым, 80 проценттен кем болмаған екен. Кім де кім бұл нәтижелерге күмәнданса, алдымен жақсылап ойланып көрсін, бұл 60 процент емес қой, 80-90 процентті ойдан жаза салуға болмайды. Естеріңізде болса, 2015 жылы адамдар дауыс беру үшін кезекте тұрған. Сол кезде адамдардың маған деген сенімен көріп көзіме жас келді.