Сенатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелері талқыланды

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді. Онда Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын дамыту мәселелерін талқыланды.

Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев кездесуді аша келіп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту біздің еліміздегі жұмыстың маңызды бағыты екенін атап өтті. Ол ерекше экологиялық нысандар мен ғылыми-мәдени құндылықтар Қазақстанның ұлттық игілігі екенін жеткізді.

«Бұл аумақтар биосфераның негізі ретінде биологиялық және ландшафтық әртүрлілікті сақтау үшін ерекше маңызға ие. Осы ретте ұлттық, өңiрлiк және дүниежүзiлiк экологиялық желiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттiк табиғи қорық объектiлерiн жасау, кеңейту, қорғау, қалпына келтiрудің экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы зор», - деді сенатор Әли Бектаев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев өз баяндамасында парктер мен қорықтар инфрақұрылымын жақсарту жөнінде айтарлықтай жұмыстар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ экологиялық туризмді дамытуға, елдің ұлттық парктері аясында экотуризм брендтерін жасауға және күзетілетін аумақтардың келушілерге қызмет көрсету мен оқыту санатын көтеруге мүмкіндік береді.

Сенаторлар кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын жасау мәселесін ерекше бақылауға алу, сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мақсатында ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша қаражат бөлу туралы айтылды.

Кездесуге қатысушылар білікті кадрлармен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық жарақтандыру, сондай-ақ ішкі туризмді дамыту мақсатында ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша қаржы бөлу мәселелерін талқылады