Еуроодақтың Брюссельдегі саммитінде маңызды мәселелер шешілмеді     

Еуропалық Одақтың екі күндік саммиті энергетикалық дағдарыс пен жасыл экономика тақырыбына нүкте қоя алмады. Газдың қымбаттауы және Варшава мен Брюссель арасындағы қарым-қатынастың ушығуы реттелмеді. Енді ұйымның энергетика министрлері тағы кездеседі. Бұл мәселелер Одақтың желтоқсан айына жоспарланған саммитінде қайта талқыланады. Оған дейін Еурокомиссия газ нарығы мен көміртек квотасындағы алыпсатарлықты тексереді. 

Форумның алғашқы күні Еуроодақ басшылары энергия тасымалдаушылар мен Польшада заң үстемдігін сақтау мәселелерін талқылады. Кейін Польша мен Беларусь шекарасындағы гуманитарлық ахуал да қарастырылды. Одаққа мүше елдер басшылары Литва, Латвия және Польшаға қаржылай көмек көрсетіп, қауымдастықтың шекарасын қорғауды күшейту туралы шешімге келді. Беларусь шекарасында қабырға салу мәселесі көтерілген, бірақ Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен дуал тұрғызылмайтынын айтты. 

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Ешқандай да қабырға мен темір тор қаржыландырылмайды. Беларусь үкіметінің әрекетінен қарапайым адамдар жапа шегіп отыр. Бірде-бір жан саяси әрекеттердің құрбаны болмауы тиіс. Беларусь миграцияны Еуроодаққа саяси қысым жасау үшін қолданып отыр.

Еуропарламенттегі пікірсайыстардан кейін Польшаның ұлттық заңнаманы жалпыеуропалық заңдардан жоғары қоюға талпынысы қарастырылды. Польшаға айыппұл салу ұсынылғанымен тараптар Варшавамен диалогты жалғастыру керек деген ұйғарымға келді. 

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– Польшамен болып жатқан мәселені шешу үшін кең ауқымды диалог өткізу қажет. Поляк үкіметінен қысым көрсету құралдарын қолданудан бас тартып, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты ұсыныстар жасауын сұраймыз.  

Канцлер Ангела Меркель Энергетикалық дағдарысты шешу шаралары балаламалы энергия көздерінен бас тартуға әкелмеуі керек деп атап өтті. Газдың қымбаттауына ковидтен кейінгі әлемдік экономиканың дамуы және Азияда энергияға сұраныстың артуы әсер еткен. Бұл саммит Ангела Меркель үшін қоштасу кездесуі болғанын да атап өту қажет. Қатысушылар Германия үкімет басшысына сыйлық тарту етіп, Еуроодаққа сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.

Ксавье Беттель, Люксембург премьер-министрі:

– Көпшілік Ангела Меркельдің ымырашыл бітімгер күш болғанын білмейді. Ол әрдайым біздің өрлеумізге арқау болатын негіз тауып жігерлендіре білді. Еуропа үшін оның орны ойсырап қалатын болды.

Ал Еуроодақтың желтоқсан айына жоспарланған саммитінде ұйымға мүше елдер басшылары одақ мәселелерін жаңа неміс әріптесімен бірігіп шешетін болады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов