Мамин Мәскеуде Мишустинмен кездесті

Премьер-министр Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді.

Тараптар сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттырудың жолдарын талқылады. Асқар Мамин екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынасты жоғары бағалады.

Айта кетейік, осы жылдың 8 айында қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 27%-ке өскен. Сондай-ақ Үкімет басшылары екі елдің транзиттік әлеуетін және аймақтық-көліктік байланысты нығайту мәселесін сөз етті.

Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздері және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі басқа да бағыттар шеңбері жайлы айтылды. Бұдан бөлек кездесуде COVID-19 таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.