Рақымшылық: 1000-ға жуық адам бостандыққа шығады

Темір торға тоғытылған 2 мың 236 жазасын өтеуші және пробациялық бақылауда тұрған 11 мыңнан астам адам рақымшылыққа ілінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда бір мың адам абақтыдан босатылады, ал қалған бір мыңнан астамының жазасын өтеу мерзімі қысқартылады. Мұндай шешім ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қабылданды. Тиісті заң жобасын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжіліс отырысында таныстырды.

Оның айтуынша, рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қатысты болады. Қазір елде барлығы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторы бар. Онда 34 мың азамат қамауда отыр. Олардың 93 проценті ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Бостандыққа тек ауырлығы орташа заң бұзушылық жасағандар ғана шығады. Сондай ақ қазір жүріп жатқан сотқа дейінгі 5 мың істі тоқтату да жоспарда бар.

Рақымшылық кәмелеттік жасқа толмағандарға да жасалады. Бүгінде Алматыдағы балаларды түзеу колониясында 52 бала жазасын өтеп жатыр. Олардың 12-сіне рақымшылық жасалады. Яғни бостандыққа шығарылмайды тек мерзімін қысқарту жеңілдігі ғана қарастырылған. Өйткені олар аса ауыр қылмыс жасағандар.