Қазақстан мен Латвия арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың болашағы талқыланды

Онлайн форматта Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан – Латвия үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаевтың және Латвия Республикасының Байланыс министрі Талис Линкайтстің тең төрағалығымен өтті.

Екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволарының сарапшылары бүгінгі таңдағы өзекті мәселелермен қатар, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен олардың болашағын егжей-тегжейлі талқылады.

Тараптар комиссияның 2018 ж. 31 мамырда Ригада өткен 7-отырысы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар энергетика, денсаулық сақтау және инновациялар салаларындағы іс-қимылды арттыруға өзара мүдделілік танытты.

«Қазақстан Республикасы мен Латвия Республикасы арасындағы әуе қатынасы туралы» үкіметаралық келісімге қол қою туралы қосымша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Е. Әлімбаев 2022 жылы елдер дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтіп, келесі жыл осы мерейтойлық датаға орайластырылған айтулы оқиғалармен өтетініне сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар комиссияның 8-ші отырысының хаттамасына қол қойды.