Сенаторлар Премьер-министрден су тапшылығы мәселесін шешуді талап етті

Су тапшылығы проблемасын бүгін сенаторлар да көтеріп, Премьер-министрден осы мәселені қолға алуды талап етті.

Жалпы елімізде 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 процентке жетуі мүмкін.

Депутат Әбдәлі Нұралиевтің хабарлауынша, «Қазгидромет» жүргізген көп жылдық бақылау нәтижесінде былтыр қар жамылғысы айтарлықтай төмендегені анықталды. Осыған байланысты соңғы 3 жылда Қазақстан мен көрші мемлекеттердің қоймаларында су деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Сенатор мәселені шешу үшін бірқатар нақты ұсыныс жасады.

Әбдәлі Нұралиев ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Су ресурстарының болжамды тапшылығын азайту мақсатында елімізде жерасты су қорларын зерттеу мен қайта бағалауды жандандыру қажет. Сондай-ақ ұңғымаларды қазуға бөлінетін субсидиялардың көлемін ұлғайту керек. Одан басқа Қазақстанның бірқатар облыстарын сумен қамтамасыз етіп отырған Шу және Талас өзендерінің бойынан Қырғыз Республикасының «Бурулдай» су қоймасы мен «Бала-Саруу» ГЭС-ін салу жоспарларына байланысты тиісті шараларды қарау қажет.