Пусан Қазақстанмен ынтымақтасуға ниетті

Пусан Қазақстанмен ынтымақтасуға ниетті

Кореяның екінші ірі қаласындағы компаниялар Қазақстандағы жобаларға, инвестиция салуға ниетті. Еліміздің Кореядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаевтың Пусанға жасаған алғашқы сапары барысында экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстандық делегация мегаполис басшылығымен кездесті. Осы қалада Қазақстанның Бас консулдығын ашу мәселесі талқыланды. Тиісті жарлыққа биылғы жылдың тамыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.

Пусан халықаралық кинофестивалінің төрағасымен кездесуде бірлесіп кино түсіру мүмкіндіктері қарастырылды. Корей тарапы қазақстандық киноның, жоғары сапалы деңгейін атап өтті. Биыл Азиядағы ең ірі кинофестивалде еліміздің бірнеше компаниясы өздерін танытты.

Өңірдегі ірі компаниялардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде республикамыздың инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Бизнесмендер аяқ киім өндірісі, логистика, мұнай-химия және автомобиль құрал-жабдық бөліктері сияқты, салаларда ынтымақтастық орнатуға ниет танытты.

Ян Дже Сен, логистика компаниясының президенті:

– Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы үлкен транзиттік мүмкіндіктері бар басты мемлекет ретінде білдік. Біз логистикамен айналысамыз, егер мүмкіндік болса, осы салаға инвестиция салғымыз келеді. Өйткені Кореядан Еуропаға тауарды Қазақстан аумағы арқылы теңізге қарағанда 3 есе жылдам жіберуге болады.