Қазақстан мен Польша арасындағы саяси, экономикалық мәселелер талқыланды

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді елімізге ресми сапармен келген Польша Сенатының Маршалы (Спикер) Томаш Гродзкиймен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Сұхбаттастар екі ел арасындағы жоғары және үкіметтік деңгейде орнатылған байланыстардың тұрақты сипатын, сондай-ақ парламентаралық диалогты одан әрі дамыту мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

ҚР СІМ басшысы Қазақстан мен Польша қазіргі заманның жаһандық проблемалары бойынша ұқсас ұстанымдарға ие екенін және екіжақты форматта ғана емес, көпжақты құрылымдар шеңберінде де табысты өзара іс-қимыл жасап отырғанын атап өтті. Осы тұрғыда Польша (2020-2022 жж.) және Қазақстан (2022-2024 жж.) мүше болып табылатын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі шеңберіндегі әріптестік бірінші орынға шығады.

М.Тілеуберді сондай-ақ Қазақстан тарапының осы ұйымдағы төрағалығымыздың оң тәжірибесін және 2010 жылы Қазақстанның астанасында ЕҚЫҰ саммитін табысты өткізуін ескере отырып, Варшаваның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне 2022 жылы қолдау көрсетуге дайындығын білдірді.

«Орталық Азия бестігі + Вышеград төрттігі» форматындағы интеграциялық өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды. Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық тақырыбын қозғай отырып, М.Тілеуберді Польша тарапын Қазақстанның төрағалығымен 2021 жылғы 30 қараша – 3 желтоқсан аралығында Женевада өтетін ДСҰ XII Министрлік конференциясының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Өз кезегінде, Польша Сенатының Спикері «біздің елдеріміздің арасындағы алыс қашықтыққа қарамастан, Қазақстан мен Польша өте жақын, бұл олардың ортақ тарихымен байланысты» деп атап өтті. Т.Гродзкий екі ел арасындағы екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі мәселелер бойынша диалогтың сындарлы және сенімді сипатын атап өтті.

Сұхбаттастар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық сана мен мәдениетті жаңғырту үшін қуатты серпін алғаннан бастап біздің елдеріміз арасындағы «жанды көпір» болып табылатын Қазақстандағы поляк диаспорасы өкілдерінің ерекше рөлін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2022 жылғы сәуірде дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтетін Қазақстан мен Польша арасындағы белсенді саяси диалогты, инвестициялық серіктестікті және мәдени байланыстарды одан әрі қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ...