Мәжіліс төрағасы Францияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан саяси жаңғыру, азаматтық қоғамды дамыту үрдістері Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесспен кездесудегі тақырыптардың бірі болды.

Тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің басым бағыттарын талқылады. Олардың қатарында энергетика, «жасыл» экономика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы салалары бар, деп хабарлайды parlam.kz.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, қазақстандық және француз парламентшілерінің арасындағы тұрақты кездесулер тәжірибесін қайта бастау заңнамалық қызметті, оның ішінде, өнеркәсіпті экологиялық түрлендіру, цифрландыру және басқа да салалардағы мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға ықпал ететін болады.