Қазақстан елшісі Малайзияның жоғарғы билеушісіне сенім грамоталарын тапсырды

2021 жылғы 10 қараша - Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев Мемлекет басшысы – Малайзияның Жоғарғы Билеуші II Сұлтан Абдуллаға сенім грамоталарын тапсырды. Тапсыру рәсімі «Истана Негара» сарайында өтті.

Б.Сүгірбаев Малайзия Короліне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді. Сұхбат барысында Елші саясат, экономика, білім және мәдениет саласындағы екіжақты қарым-қатынастардың жоғары қарқынын атап өтіп, 30 жыл ішіндегі тәуелсіз Қазақстанның негізгі жетістіктері туралы айтты.

Өз кезегінде Малайзия Королі II Сұлтан Абдулла Қазақстан Елшісін дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа ізгі тілектерін жолдады. Король «Қазақстан халқы бейбітшілік, жасампаздық пен өркендеуді одан әрі жалғастыратынына» сенім білдіріп, Қазақстан мен Малайзия арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.