Үкіметтің кейбір фунциялары министрліктерге жүктеледі

Ел Үкіметінің кейбір функциялары министрліктерге жүктеледі. Бүгін Сенат депутаттары тиісті заңды қабылдады.

Құжат күшіне енгенде министрліктер де өзінің кейбір өкілеттіктерін әкімдіктерге береді. Жаңа құжат мемлекеттік басқару жүйесін дамытып, мемлекеттік органдардың дербестігін арттыруға зор үлес қоспақ. Мысалы, енді Білім және ғылым министрлігінің мамандары қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне және олардың мөлшеріне кепілдік беру қағидаларын бекіту қызметін өздері атқарады. Ал Сыртқы істер министрлігі халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне мониторинг жүргізуге жауапты болады. Сондай-ақ құжатта мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктерді бөлуге қатысты басқа да нормалар нақты жазылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Заң мемлекеттiк аппарат қызметiнiң тиiмдiлiгiн және мемлекеттiк қызметтерді көрсету сапасын арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейтеді. Алдағы уақытта осы заң еліміздің дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.