Түркі елдерінің басшылары Ыстамбұлда қандай келісімге келді

Abai.kz

Түркі Кеңесі «ұйым» атауын алды. Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі стратегиялық құжаты қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ыстамбұлда қазақ, түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрікмен, мажарстан басшылары бас қосты. Бауырлас елдердің бірлестігіне бақылаушы мемлекет болып Түрікменстан қосылды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Ыстамбұл. Бұл шаһарды мешіттер қаласы десе жарасады. Түркияда 90 мыңға жуық мешіт болса соның 3 жарым мыңдайы осында орналасқан. 15 миллионнан аса тұрғыны бар Ыстамбұл тек рухани, тарихи қала емес. Ең ірі транзиттік әрі экономикалық орталық.

Жұмада Түркі дүниесінің назары Ыстамбұлға ауды. Көне шаһарға қазақ, түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрікмен және мажар басшылары жиналды. Тараптар саммиттің алдында Ыстамбұлда Түркі Кеңесі Хатшылығының жаңа кеңсесін ашты. Атап өтейік бұл қалада Кеңестің штаб пәтері орналасқан.

Соңғы екі жылда пандемия әлемді жіпсіз байлап тастады. Мемлекеттер арасындағы байланыс тоқтамаса да саябырлағаны анық. Бауырлас елдердің басшылары да былайша бас қоспағалы көп болған. Бір-бірімен сағынысып көрісті.

Осыдан соң тамырлас елдердің басшылары Ыстамбұлдың оңтүстік-шығысындағы Демократия және бостандық аралына бет алды. Саммит осы мекенде өтті. Алқалы жиын басында Кеңестің құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алды. Елбасы бейнебайланыс арқылы үндеу жасады.

Атап өтейік, Түркі Кеңесі 2009-шы жылы Елбасының ұсынысымен құрылған. Халықаралық ірі құрылымға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан толыққанды мүше. Ал Мажарстан бақылаушы мемлекет. Бақылаушы ел болып бауырлардың бірлестігіне бүгін Түрікменстан қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

– Пандемияға қарсы бірлескен күресіміз күллі дүниеге үлгі. Сондай-ақ, бүгін әрбіріңіздің қолдауыңызбен әзірленген бірлестігіміздің 2040-шы жылға дейінгі стратегиясын қабылдаймыз. Бізге экономикалық және сауда ынтымақтастығын нығайту керек.  Қазір түркі елдерінің жалпы сауда көлемі 21 млрд доллар шамасында. Бұл бүкіләлемдік сауда көлемінің 3 проценті. Межені 10 процентке жеткізу қажет. Мен сауда жолдарын жеңілдету стратегиясына қол қоюға ерекше мән беремін. Құрлық, әуе, теңіз жолдары арқылы бір-бірімізбен тығыз байланыста болмасақ, қалаған нәтижеге жете алмаймыз.

Түбі бір түркілер бір-біріне тонның ішкі бауындай жақын. Биылдың өзінде елдердің басшылары екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткізді. Бұл – мызғымас бауырластықтың айқын көрінісі болса керек. Ендігі жерде де қарым-қатынас жандана түседі.

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Болашақта қатарымызға байқаушы және серіктес ретінде қосылатын елдер Түркі әлемін дамытуға тың серпін берері сөзсіз.  Біздің ұйым жаһандық тұрғыдан өзінің лайықты орнын табатынына кәміл сенемін. Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққ баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын. 

Президент саммитте алты басым бағытты атады. Біріншісі экология. Қасым-Жомарт Тоқаев «баламалы қуат көздерін дамыту керек» деді. Қазір баламлы энергияның үлесі бізде 3  процентті құрайды. Ал 2030 жылға қарай мұны 15 процентке дейін жеткізу міндеті тұр. Екінші

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екінші. Қазір сутегі энергетикасының маңызы артып келеді.Халықаралық қауымдастық оны таза отынның жаңа түрі деп санайды. Біз бұл саланы дамыту үшін арнайы орталық құрып, инновацияны пайдалану тәжірибесін зерттеуге кірістік. Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет.

Біздің ел бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз. Осы орайда Президент тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. «Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану керек»,- деді. Ұсынысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан – Орталық Азиядағы астық экспорттайтын бірден-бір мемлекет. Алайда біздің еліміздегі бидай өнімінің азаюына жол бермеу үшін, сондай-ақ, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Түптеп келгенде осындай шаралар біздің елдеріміздің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан өздеріңізбен бірлесіп, гидроқұрылымдар салуға дайынбыз.

Президент атаған төртінші бағыт - жасыл капитал нарығын дамыту. Бізде бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Президент ағайындарды аталған ұйымдардың тәжірибесі мен құралдарын кеңінен пайдалануға шақырды. Кейін ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан «Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаны» қабылдады. Бұл жоба  қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді. Ақылды қала жобалары аясында ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек. Бұл біздің елдеріміздің экономикасын өркендетуге септігін тигізері анық. Қазақстан ақылды қала жүйесін құру ісіндегі цифрлық жетістіктерін экспорттауға және тәжірибе бөлісуге дайын.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін түркі ұйымының заманауи технопарк орталығын құруға шақырды. Ал келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген түркі жастарының арнайы форумын өткізуді ұсынды. Режеп Тайып Ердоған да бұл бағыттағы байланысты нығайтуға мүдделі.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

– Біз жасыл технологияларды даму бойынша бірлескен жобаларды бірге қолға алуымыз керек.Сондай-ақ табиғи апаттармен күрестегі ынтымақтастығымызды жандандыру қажет. Сонымен қатар терроризмге қарсы шараларды белсенді түрде жалғастырғанымыз жөн.

Қай салада болса да ынтымақтастығымыздың көкжиегін кеңейткен ләзім. Өйткені түркі елдері біріге түссе ұпайымыз түгел.

Атап өтейік, сегізінші саммит өткен бұл арал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Түрік үкіметін 10 жыл басқарған Аднан Мендереспен тікелей байланысты. 1960 жылы елде әскери төңкеріс болып, Аднан Мендерестің өзі мен қасындағы серіктері басқыншылардың қолына түседі. Кейін осы аралда жазаға кесіледі. Ал Үкімет басшысы болып тұрған кезінде Аднан Мендерес талай қазаққа жақсылық жасаған. Жер-жердегі қандастарымыздың Түркияға көшіп келуіне рұқсат еткен. Рұқсат етіп қана қоймай, осы мекенге қоныс аударған қазақтарға үй беріп, қамқор болған.  «Жақсының жақсылығын айт» деген. Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ халқының атынан түріктерге алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан  Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын.

Ауыр жағдай. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі Режеп Тайып Ердоғанды да толғандырмай қоймады. Түрік басшысы сол бір кезді тебірене еске алып, мемлекет қайраткерлерінің рухына дұға бағыштады. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөздері тебірентпей қоймады. Осы аралда 1960 жылдың басында премьер- министр мен сол кездегі сыртқы істер министрі және  қаржы министріне өлім жазасы кесілген еді. Көгілдір экраннан бізді көріп отырған  ұлтыма мемлекет қайраткерлерінің рухына арнап фатиха сүресін оқуды сұраймын.  

Алдағы уақытта Түркі инвестициялық қоры құрылады. Ондағы қаражат ағайынды елдердің арасындағы экономикалық байланысты жандандыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Түркілердің бірлестігі кеңейе түспек. Себебі қазірдің өзінде 15 шақты ел аталған құрылымға кіруге ниетті. Алайда өзгелер толыққанды мүше бола алмайды. Оларға тек «серіктес» яки «бақылаушы» мәртебесі ғана беріледі.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Кеңеске биыл Əзербайжан төраға. Ал келесі жылы Түркия жетекшілік етпек. Осы жолы бақылаушы мемлекет ретінде тіркелген Түрікменстан келесі жылы Түркі Кеңесінің толыққанды мүшесі болмақ. Бұл дегеніміз бірегей құрылым кеңейіп, түркі дүниесі күшейе түспек.