Сенаторлар Солтүстік Қазақстандағы көшпелі кеңесте қоныс аудару мәселелерін талқылады

Сенаторлар, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері Ерік Сұлтанов пен Әлімжан Құртаев еліміздің жұмыс күші көп өңіріндегі азаматтарды еңбек күшіне зәру өңірге көшіру мәселелерін қарау жөніндегі отырысқа дайындық аясында Солтүстік Қазақстан облысында кеңес өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жұртшылық өкілдері қатысты. Кеңесте бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сенаторлар қоныс аудару бағдарламасын іске асыру барысында туындайтын проблемаларға баса назар аударды.

«Бүгінгі таңда қоныс аударушыларды квоталар санын ұлғайту, ауыл шаруашылығының мұқтажына арналған жер учаскелерін бөлу, несие демалысын беру сияқты мәселелер ерекше алаңдатады. Сондықтан біз бүгін орталық мемлекеттік органдармен нақты шешімдер әзірлеу үшін осы тақырыпты қызу талқылаудамыз», – деді Әлімжан Құртаев.

Кеңеске қатысушылар қандастарды елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшіру жөніндегі «Асар» пилоттық жобасын Солтүстік Қазақстан облысында іске асыру мүмкіндігін де талқылады. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы 2018 жылдан бастап осы қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың тікелей қатысуымен осы жобаны жүзеге асырып келеді.

«Асар» жобасының нәтижелі іске асыру арқасында 25 мыңнан астам қандасты Өзбекстаннан көшіруге және Шымкент қаласында барлық қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік бергенін атап өту маңызды. Енді осы ауқымды жоба Ақмола облысының Аршалы ауданында белсенді іске асуда. Онда қандастар өз қаражаты есебінен 8 мың адамға арналған біркелкі 1 282 коттедж құрылысын салуда. Солтүстік Қазақстан облысында да осындай бастаманы жүзеге асыруға дайын.

«Бүгін біз еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударуға және өз қаражаты есебінен үй салуға кірісуге дайын 1 861 отбасының немесе 6 549 адамның тізімін әкелдік. Бірақ оларға қажетті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жер учаскелерін беру түрінде қолдау жасау қажет», – деді Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде.

Кеңесті ҚР Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі Ерік Сұлтанов қорытындылады.

«Қоныс аудару мәселесі өте өзекті және оның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызы зор. Заң шығарушы және атқарушы биліктің өзара белсенді іс-қимылы осы бағыттағы проблемаларды шешуде нақты тәсілдер әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ол.

Сенаторлар - «Өңір» депутаттық тобының мүшелері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері жұмыс сапарының екінші күні Петропавл қаласының «Солнечный» және «Южный» шағын аудандарындағы қоныс аударушыларға үй салуға арналған аумақ ретіндегі жер учаскелерімен танысты. Олар болашақ қоныс аударушылар жұмыс істей алатын әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарға да барды.