Мәулен Әшімбаев ЕКПА төрағасы Рик Демспен кездесті

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Рик Демспен кездесті.

Тараптар кездесуде Қазақстан мен ЕКПА арасындағы ынтымақтастықты арттыру, біздің еліміздегі саяси реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және адам құқықтарын іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат төрағасы өз сөзінде Қазақстанға ЕКПА-мен ынтымақтастық аса маңызды екенін атап өтті.

«Бір топ депутаттардың ЕКПА-ның күзгі сессиясында «Қазақстандағы саяси реформа оның азаматтарының қажеттіліктері мен мақсат-ниетіне жауап береді» деген декларациясын қабылдауын аса маңызды оқиға деп есептейміз. ЕКПА депутаттары Қазақстанға тұрақты түрде келіп тұрады, сайлауды бақылау жөніндегі миссиялар мен басқа да шараларға қатысады. Пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай тұрақтала бастағалы осындай байланыстардың офлайн түрінде өтіп жатқанын қуантады. Еуропалық әріптестерімізбен сындарлы диалогты алдағы уақытта одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жүздесушілер біздің еліміздегі саяси жүйені одан әрі демократияландыру мәселелері туралы пікір алмасты. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту жөніндегі күн тәртібі және соның аясында жүзеге асып жатқан саяси реформалар туралы айтты. Сенат Төрағасы Қазақстан Парламенті еліміз Президентінің саяси бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыс атқарып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалар стратегиялық сипатқа ие. Аталған бастамалар саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге, саяси бәсекелестікті арттыруға, азаматтардың құқықтарын іске асыруға қажетті жағдайлар жасауға арналған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы әңгіме барысында Қазақстан Парламенті ЕКПА-мен түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты.

«Біздің еліміз Еуропа кеңесінің бірқатар халықаралық бастамаларын, сондай-ақ, қазіргі заманғы мемлекеттердің тұрақтылығы, өркендеуі, қауіпсіздігі мен экономикалық дамуы үшін қажетті негізгі шарттар саналатын әмбебап құндылықтарды – демократияны, адам құқықтарын және заң үстемдігін қолдайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы сөзінің соңында Қазақстан саяси реформалардың күн тәртібін қарқынды ілгерілетуге, азаматтардың құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдауға ниетті екенін атап өтті. Парламент Сенатының депутаттары осы жұмыстарға белсенді түрде атсалыса береді.