Бұл Президенттің естейтін мемлекет тұжырымдамасына сай атқарылып жатқан жұмыс. Парламентке енбеген партия өкілдері өз ұсыныстарын депутаттық сауалдарға қоса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың көзқарасын Мәжіліс депутаттары жеткізе алады. Бүгін Мәжіліс қабырғасында құрылған партияаралық кеңестің кезекті отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин осылай деді. Бұған қоса «Адал», «Ауыл», «Жалпыұлттық социал демократиялық» партия өкілдерінің ұстанымдары парламенттік тыңдауларда ескерілетін болады. Парламентке кірмеген партия мүшелері Мәжілістің заң шығару жұмысына белсенді қатысып келеді. Жетінші шақырылым жұмысын бастағалы Мәжілісте 128 заң жобасы қаралды. Бүгінде оның 80-і мақұлданып Сенатқа жолданды. Қазіргі уақытта Мәжіліс қоржынында 41 құжат бар. Әлеуметтік маңызды заң жобалары қоғамда резонанс тудырған құжаттарды талқылау барысында Парламентке енбеген партия мүшелерінің ұсыныстары ескеріліп келеді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгінгі күні барлық партия өкілдері, соның ішінде Парламентке кірмеген партиялар біздің заң шығару жұмысымызға қатысып, өздерінің нақты ұсыныстарын жеткізіп келеді. Осының барлығы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың естейтін мемлекет концепциясымен сәйкес келеді. Бұл Парламент үшін де, қоғам үшін де өте маңызды.