434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Президент: Білімді де білікті жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай»

  • 151
  • UPD: 20:11, 18.11.2021

Сыртқы істер министрлігінен біраз маман жұмыстан шығып кеткен. Салдарынан кадрлық әлеует әлсіреп жатыр. Мемлекет басшысы осындай сын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сыртқы істер министрлігінің мұндай ауқымды жиыны соңғы алты жылда алғаш рет өтіп отыр. Қордаланған мәселе бар. Кемшілікті мұқият талдап, ақылдасу үшін мемлекет басшысы дипломаттарды түгел жинады. Сыртқы саясатты жүргізетін білдей ведомствоның алдына бірқатар міндет қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірінші. Сыртқы саясатты «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру. Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Осыған орай СІМ тығыз мекемеаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек.

Кейде жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріледі. Бұл - біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс. Салдарынан жұмыс ақсайды. Кесірі халыққа тиеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстаннан жолдаған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдердің нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл-күйіне кері әсер етеді.

Экономикалық дипломатияны қайта жандандырмақ керек. Бәсекелестік күшейген заманда ешкімге есе бермелік. Әсіресе, пандемиядан кейін қазір мемлекеттер арасында шетел инвестициясына талас күшейді. Сырттағы мүддемізді қорғап, ұпайымызды түгендеу – алдымен осы министірліктің міндеті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сыртқы істер министрлігі инвестиция тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган. Біз министрлікке осындай ерекше мәртебе бердік. Сондықтан бұл мүмкіндікті толыққанды пайдалану қажет.

Дипломатиялық корпус инвестиция тартып қана қоймай, экспортқа да қолғабыс ету керек. Президент «еліміздің Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын күре жолдардың бойындағы транзиттік-логистикалық хабқа айналуға тиіс» деді. Дипломаттар Қазақстанның Орталық Азияда көшбасшы ел болуы жолында аянып қалмауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен жоғарыда айтқанымдай бұл – аса маңызды міндет. Біз осы аймақта ерекше мәртебеге ие екенімізді батыл мәлімдей білуге тиіспіз. Бұған толық негіз бар.

Атап айтқанда, экономикамыз Орталық Азиядағы басқа елдердің экономикасына қарағанда әлдеқайда қуатты. Біз Еуразиядағы басты көлік дәліздері тоғысқан басты геостратегиялық орталықта тұрмыз. Ауқымды экономикалық және демократиялық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Зияткерлік және адами ресурсымыз бар. Халықаралық қауымдастықтың алдындағы абырой, беделіміз жоғары. Осыған орай Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Көшбасшылығымызды күшейте жүріп, әлемдегі әрі өңірдегі алпауыт елдермен ынтымақтастымыздың аясын кеңейте түскен жөн. Дос бола жүріп, есемізді жібермей, тереземізді тең ұстау – міндет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір геосаяси текетірес белең алуда. Қазақстан ешкіммен жауласпайды. Халықаралық дауларға ілікпейді. Біздің таңдаған жолымыз айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз.

Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген аса құнды да салмақты сөзді жиі айтады. Бүгін де естідік. Қасым-Жомарт Тоқаев «еркіндікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бірде-бір келісімге жол бермейміз» деді. Соңында дипломатиялық қызметке серпіліс керек

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Сыртқы істер министрлігінен біраз білікті маман кеткен. Салдарынан кадрлық әлеует әлсірейді. Ал білімді де білікті жастардың министрлікке жұмысқа тұруы алынбас қамалдай. Президент «бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді» деді. Ал дипломатиялық қызметте жүргендерге мынадай міндет жүктеді. Дипломаттар шетел тілдерін ғана біліп қоймай, алдымен мемлекеттік тілге баса мән беруі керек. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен өзі үлгі көрсетті. Министрліктің кеңейтілген отырысын Президент бастан-аяқ қазақ тілінде өткізді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы

Хабар 24 телеарнасы