Қ.Тоқаев Түркі елдерінің жаңа кезеңі басталғанын мəлімдеді

«Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді». Орталық Азияда көшбасшылығын күшейте отырып, алпауыт елдермен байланысын нығайта бермек. Саяси ұстаным осы, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан үшін Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия және Еуропа Одағы мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынасты сақтау ерекше маңызды екенін тағы да қуаттай түстік. Біз Азия, Орта және Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка елдерімен байланысты кеңейте береміз. Жалпы, сыртқы саясатымыздың ауқымы кең болуы керек. Көк байрағымызды әлемнің негізгі аймақтарында орнату қажет.

Дипломаттар алдында Президент ауған жеріндегі ахуалға да арнайы тоқталды. Билігі ауысып, өзгерісті өткеріп жатқан елге Қазақстан алғаш болып көмек берген. Сол гуманитарлық жүктерді жеткізіп, Ауғанстандағы азаматтарымыз бен қандастарымызды көшіріп алу жөнінде тәліптермен келіссөз жүргізуде біздің дипломаттар аянып қалмады. Келісімдер нәтижелі аяқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауғанстандағы күрделі гуманитарлық дағдарысты еңсеруге өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұл – біздің сыртқы саясатымыздың жасампаздық сипатының айқын көрінісі.

Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің басты өзендері көрші мемлекеттерден бастау алады. Бұл біздегі су ресурстарының 40%-ы. Яғни «су» дегенде іргедегі елдерге қарайлаймыз. Кей жылдары өзендердің деңгейі түсіп кетеді. Сол кезде тапшылық сезіледі. Президент енді осы бір аса күрделі де, өткір мәселеде «көршілермен тезірек келісімге келу керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– «Су дипломатиясы» бойынша келіссөзді тезірек аяқтау Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің және Ресей мен Қытайдың ортақ мүддесіне сай келеді деп санаймын. Трансшекаралық су ресурстарын әділ және тиімді пайдалану аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптаның тарихи оқиғасына да оралды. «Бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық» деді. Осылайша түркі тілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.