Қанат Бозымбаевтың аймақ басқарудағы тәжірибесі мол – Президент әкімшілігі

ҚР Президенті Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар бұл кандидатураны бірауыздан қолдады. ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Жетісу жерін, жеті жыл басқарған Амандық Ғаббасұлы Баталовқа ұзақ жылдар бойы, атқарған қажырлы еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа әкімнің қызметіне табыс тіледі.

Ерлан Қошанов, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:

– Мен осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы келдім. Президент Жарлығымен Амандық Баталов Алматы облысының әкімі қызметінен босады. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Облыстық мәслихат депутаттарының келісімі жаңа ғана берілді. Қанат Алдабергенұлын барлығыңыз жақсы білесіздер. Осы өңірдің тумасы. Аймақ басқарудағы тәжірибесі мол. Алматы облысы Мемлекет басшысының басты назарындағы өңір. Сондықтан жаңа әкім Президент алға қойған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырады деген сеніміміз мол.