Беларусьте «Qazaq. Алтын адам тарихы» деректі фильмнің тұсаукесері өтті

Беларусьте Алтын адам тарихымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Минскте «Листопад» халықаралық кинофестивалі аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірін баяндайтын фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл картинаны Оскар жүлдесінің иегері, атақты режиссер Оливер Стоун түсірген болатын. Көрсетілім алдында шығармашылық топтың баспасөз маслихаты өтті.

«Qazaq. Алтын адам тарихы» деректі фильмнің премьерасы бұған дейін Лос-Анджелес, Мәскеу, Рим мен Бакуде көрсетіліп, шетелдік көрерменнің ықыласына бөленген еді. Енді Минсктегі «Листопад» кинофестивалінде де жұрттың зор қызуғышылығын туғызды. Алдағы уақытта Қазақстанда бұл туынды 8 бөлімнен тұратын телесериал форматында да ұсынылады.

Игорь Кобзев, «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмінің продюсері:

- Бізге дейін Нұрсұлтан Әбішұлы неліктен Шушкевич, Кравчук пен Ельцин жиналған Беловеж орманына бармағанын ешкім білмеген. Ол фильмімізде алғаш рет осы жөнінде айтып отыр. Теледидардан тұсаукесері өтпейінше, сырын ашқымыз келмейтін тағы да бірқатар тұстары бар. Теленұсқасы алдымен Қазақстанда көрсетіледі.  

«Qazaq. Алтын адамның тарихы» атты документалды фильм Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын баяндайды. Белгілі продюсер әрі режиссер Оливер Стоун Елбасы Н.Назарбаевтан сұхбат алу арқылы көрерменге оқиға желісін баяндайды. Кеңес Үкіметінің күйреуі, Семей полигонының жабылуы, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы қадамдары және әлемдік геосаясат туралы жан-жақты тақырыптар қамтылады. Түсірілім жұмыстары 19 айға созылған. Осы аралықта шығармашылық топ елдің бірқатар өңірін аралап, Елбасының еңбек еткен жолын таспалаған.

Игорь Лопатенок, «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмінің режиссері:

- Бұл фильм Минскіге неге қызық? Өйткені Беларусь қазақ халқына бауырлас ел, ортақ мүдделері бар халықтар деп ойлаймын. Александр Григорьевич Лукашенко Нұрсұлтан Әбішұлыны қалай қадірлесе, солай қарапайым беларусь азаматтары да оны сыйлайды.

Авторлар бұл фильмді тек жоба бастамасы дейді. Болашақта театрда да қойылуы мүмкін. «Алтын адам» Оскар марапаты үшін жарысқа қосылып, қазірдің өзінде музыкалық номинацияға өтті. Ал Беларусьтен кейін фильм Біріккен Араб әмірліктері, Франция, Германия, Жапония мен Қытайда көрсетіледі.

Дмитрий Лукша, Константин Никаноров