Қазақстанда 1994 жылы болған елеулі оқиғалар

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін 1994 жылы болған елеулі оқиғаларды еске алайық.

Алыптар берген кепілдік

1994 жылы ақпанда Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет болып танылды. Атом қуаты Халықаралық Агенттігіне мүше болды. 27 мамырда Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қосылды. Ал желтоқсанда Ресей, АҚШ пен Ұлыбритания ел қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттейтін құжатқа қол қойды. Кейін бұл меморандумға Қытай мен Франция қосылды.

Дербес депутат

Ата Заң негізінде 1994 жылы наурыз айында алғаш рет парламенттік сайлау өткізіліп, 177 депутат сайланды. Еске салайық, қос палаталы парламент құрылғанға дейін оның кеңестік жүйе бойынша функцияларын Жоғарғы Кеңес атқарған.

В.Смирнов әперген алтын

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш рет Олимпиада ойындарына 1994 жылы қатысты. Дәл осы жылы шаңғышы Владимир Смирнов қазаққа қысқы Олимпиаданың тұңғыш алтынын әперген болатын. Бұл олжа қазақ елі спорттың ең биік тұғырынан дәмелі екенін аңғартты. Өйткені Владимир Смирнов алтыннан кейін тағы екі күміс медаль иеленді. Осылайша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 67-орыннан 12-орынға көтерілді.