Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы партияаралық ынтымақ арта түспек

Қазақстан мен Әзербайжан елдері арасындағы партияаралық ынтымақтастық арта түспек.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Әзербайжан мен Еуропаның саяси ұйымдары өкілдерімен кездесті. «Ени Әзірбайжан» партиясы Төрағасының орынбасары Таир Будаговпен кездесу барысында партияаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Тараптар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжанның экс-президенті, «Ени Әзірбайжан» партиясының негізін қалаушы Гейдар Әлиев бауырлас екі елдің арасында сапалы жаңа байланыстың іргетасын қалағанын атап өтті. Соның арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасында берік қарым-қатынас орнады.

Таир Будагов, «Ени Әзірбайжан» партиясы төрағасының орынбасары:

- Қазақстан мен Әзербайжан бауырлас ел.  Екі ел арасындағы тарихи достық қарым-қатынас бұрыннан берік орнаған. Қос мемлекет арасындағы сапалы жаңа байланыстың іргетасы мығым болмақ.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясындағы еуропалық консерваторлардың хатшысы Том Ван Дайкпен, Ұлыбританияның консервативті партиясының өкілі Лорд Джеймс Уортонмен және Халықаралық саяси кеңесшілер қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Мёрфимен кездесті. Кездесу барысында партиялық-саяси жүйелерді дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді сөз етті. Әрі «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» атты Халықаралық форумның күн тәртібін талқылады.