Президент БҰҰ Женева бөлімшесінің бас директорымен кездесті

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Біріккен ұлттар ұйымының қағидаттарына, мақсаттары мен міндеттеріне бейілді болды және солай бола береді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияда дүниежүзілік ұйымның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валоваямен кездесуінде осылай деді. Орталық Азиядағы ахуал, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссияны Алматыға орналастыру мәселесі, орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталықты өз аумағында құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы талқыланды. Президент елімізде пандемияға қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының арнаулы сессиясында коронавирустың жаңа штамдарына бірлесіп қарсы тұру үшін басқа елдерге үндеу тастағанын айтты. Татьяна Валовая Мемлекет басшысын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2011-2013 жылдары өзі басқарған Женева бөлімшесіндегі ұжымның сәлемін және ізгі тілектерін жеткізді.