Елімізде биыл 10 айда өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 1,2 трлн теңгеге дейін өсті 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды «Хабар 24» Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына және «Nur Otan» партиясының бағдарламасына сәйкес, Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды. Салада оң динамика қалыптасты. Биылғы жылдың 10 айында 5,3%-ке өсім қамтамасыз етілді. Жәйрем және Ақтоғай ТКБК қуатын кеңейту, алтын шығару фабрикасы мен ферроқорытпа зауытын, машина жасау өндірістерін салу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру есебінен негізгі капиталға салынған инвестициялардың 78,6%-ке, яғни 1,2 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсті. Өндіріс көлемінің ең көп өсуі фармацевтикада 33,6%, машина жасауда 19,5%, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%, химия өнеркәсібінде 6,5%, азық-түлік өнімдері өндірісінде 3,6 процент болып отыр. Биыл мұнай-газ химиясы саласында техникалық газ бен октан көтеретін қоспа шығаратын зауыттар пайдалануға берілді, сондай-ақ полипропилен өндіру зауыты аяқталу сатысында тұр.

Биыл мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды, ол тауарлар өндірісін жергіліктендіруді және отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы жыл 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын қамтитын 139 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде қазіргі уақытта 1 трлн теңгеге 83 жоба іске қосылды. Қалғандары биылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі.

Премьер-Министр биылғы 10 желтоқсанға дейін Үкіметке Индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасының 2025 жылға дейінгі өзектендірілген жобасын, 2022 жылғы 1 наурызға дейін өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, моноқалаларда іске асыру үшін «зәкірлік» индустриялық жобалар топтамасын әзірлеуді тапсырды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», - деді А. Мамин.