1997 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялады

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. 1997 жыл. Азаттықтың алтыншы жылы. 

1997 жылы 10 қазанда еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауын жариялады. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары осы Жолдауда айтылды. Жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы осылайша дәстүрге айналды. «Қазақстан-2030» стратегиясы шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты.

Ал осы жылдың 8 қарашасында мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматыдан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты  өтті. Сөйтіп, 1997 жылы 10 қазаннан бастап Ақмола ресми түрде астана болып саналды. Көштің алғашқы легін Парламент депутаттары мінген пойыз бастап келді. Артынша Үкімет, Президент әкімшілігі де Ақмолаға қоныс тепті. Іле-шала министрліктер көшті.

1997 жыл. Президент Жарлығымен Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды. Осыған байланысты 31 мамырда Ақмола қаласында үлкен саяси шара өткізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін өткізу жөніндегі облыстық және қалалық комиссия құрылды.