«EXPO 2020 Dubai» көрмесінде Қазақстанның ұлттық туы көтерілді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барып, «EXPO 2020 Dubai» дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні аясындағы іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24» Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

«ЭКСПО-ның» әл-Васл Плаза орталық алаңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен толеранттылық және қатар өмір сүру мәселелері жөніндегі министр «EXPO 2020 Dubai» бас комиссары шейх Нахайан бин Мубарак әл Нахайанның қатысуымен Қазақстан Республикасының ұлттық туын көтеру рәсімі өтті.

Үкімет басшысы қазақстандық сауда-инвестициялық форумға қатысты. «Бүгінгі таңда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас сапалы жаңа деңгейге көтерілді. 1991 жылдан бастап БАӘ ҚР экономикасына $4 млрд астам инвестиция салды. Қазақстанда БАӘ капиталының қатысуымен 250-ден астам компания жұмыс істейді. Жаһандық экономикада сақталып отырған сын-тегеуріндерге қарамастан, елдеріміздің ынтымақтастығы нығая түсуде», - деді Ақар Мамин форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде.

Үкімет басшысы екіжақты қарым-қатынастағы маңызды оқиға биылғы қазан айында экономиканың басым салаларында жобаларды дамыту бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік орнату туралы үкіметаралық келісімге қол қою болғанын атап өтті. Құжат ҚР ұлттық экономикасының энергетикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған, инвестициялардың жалпы көлемі $6 млрд-тан асады.
Форум қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ мен Abu Dhabi Developmental Holding Company тәуелсіз қоры арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ ҚР-да жалпы қуаттылығы 4 ГВт болатын күн және жел электр станцияларын салу бойынша инвестициялық құжаттарға қол қойылды.

Қазіргі уақытта әмірліктер компаниялары Қазақстанда жалпы құны $3,5 млрд-тан асатын 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға қатысып жатыр. ҚР Премьер-Министрінің Дубай қаласына сапары аясында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ цифрлық көрмесімен танысып, «EXPO 2020 Dubai» көрмесінің тақырыптық павильондарын аралады. Сондай-ақ БАӘ жетекші компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Қазақстанның ұлттық күнін мерекелеу барысында EXPO аумағында дүниежүзілік көрме қонақтары үшін Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің, опера әншісі Мария Мудряктың, «Астана балет» ұжымының және Қазақстанның басқа да әртістерінің қатысуымен концерт өтті.