EXPO 2020: Дубайда Қазақстанның ұлттық күні тойланды

Дубайдағы «ЭКСПО 2020» дүниежүзілік көрмесінде бүгін Қазақстанның Ұлттық күні атап өтіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Айтулы датаның Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнімен тұспа-тұс келуі де бекер емес. Мерекелік концерт барысында төл сахнамыздың төрінде жүрген жарық жұлдыздар өнер көрсетіп, көрмеге келушілердің ықыласына бөленді. Қазақстанның Ұлттық күнін атап өтуге атсалысқан әр қазақстандықтың кеудесін мақтаныш сезімі кернегені рас. Таңда өткен шағын концертті «Астана сазы» ансамблі Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашып, құлақ түрген мейманға қара домбыраның күмбірлеген үні арқылы аттың шабысы мен ұлы дала самалын әкелгендей әсер қалдырды. Әлемге танымал опера әншісі Мария Мудряк бұлбұл даусымен келушілерді бір тәнті етсе, домбырашылар дуэті Темірлан мен Ернат «Бастау» күйін асқан шеберлікпен орындап берді. Ал мың бұралған «Астана балет» бишілері қазақтың қамажайын билеп шықты.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Осы күнге дейін көрме аумағына келгендер саны 5 млн-ға жуықтады. Оның ішінде Қазақстан ұлттық павильонында аялдаушылардың қатары едәуір артқан. 400 мыңнан астам адам келген. Енді, міне, меймандар Қазақстанның ұлттық өнерімен кеңірек танысуға мүмкіндік алып отыр.

Зәуре Айтаева, Қазақстан павильонының шығармашылық жөніндегі директоры:

– Павильонымыздың тұжырымдамасына Қазақстанның ұлттық дәстүрі негіз болды. Көрмеге келушілер тамыры терең тарихымызбен қысқа уақыт ішінде таныса алады. Алғашқы экспозиция адамзат шежіресінен басталады. Бұл арқылы меймандар адам баласының түп-тамыры бір екенін түсінеді. Көпшіліктің көңілінен шыққан соңғы экспозицияда виртуалды шоу көрсетіледі. Мұнда адамзат пен жоғары технология арасындағы байланыс суреттеледі.

Ұлттық күн шеңберінде сондай-ақ сауда-инвестициялық форум өтті. Қазақстан аумағында жалпы қуаты 2 гваттқа тең болатын күн электростанциясын салу туралы талқыланды. Араб тарапы қаржыландыруы мүмкін инвестициялық жобаның құны 6 млрд долларға жуықтайды.

Нахайян Бин Мубарак Аль Нахайян, Expo 2020 көрмесінің бас комиссары:

– Сауда-саттық және экономикалық ынтымақтастық салалары бойынша Қазақстанмен арада стратегиялық әріптестіктің орнауы біз үшін үлкен мақтаныш. «Экспо-2020» көрмесінің аясында ғарыш, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалар бойынша өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Дубайдағы төл мереке Қазақстанның ұлттық күнімен шектелмейді. Өйткені алдағы уақытта «ЭКСПО» қалашығында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен әз Наурыз мейрамы атап өтіледі.

Айта кеткен жөн, дүниежүзілік форум тағы 4 айға жалғасады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әсет Саргулов