Елімізде үш мыңнан астам азамат заңсыз айыпталған

Жыл басынан бері 3 мыңнан астам азамат негізсіз қылмыстық айыптың құрығынан құтқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал 100 мыңнан астам кәсіпкер заңсыз тексерулерден қорғалды. Бұл туралы Мемлекет басшысымен кездесуде бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов баяндады. Кездесуде ол  Президентке қылмысқа қарсы күрес шаралары жайында айтты. Оған сай прокурорлар 360 мыңнан астам қаулы мен тергеу органдарының хаттамаларын тексеріп, заңсыз айыптардың жолын кескен. Бұдан бөлек дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру, азаматтардың еңбек құқығы, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану, экология, халықты медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері үнемі прокуратураның назарында болады.

Сондай-ақ Президентке қылмысқа қарсы күрес шаралары мен қылмыстық үдерістің үш буынды моделіне көшу жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды. Прокурорлар 360 мыңнан астам қаулы мен тергеу органдарының хаттамаларын тексерген. Нәтижесінде 3 мыңнан астам азамат негізсіз қылмыстық айыптың құрығынан құтқарылған.