Брюссельде Қазақстанмен ынтымақтастық перспективалары талқыланды  

 

ҚР Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық комиссияның экс-президенті, Люксембургтің бұрынғы Премьер-Министрі Жан-Клод Юнкермен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Брюссельге ресми сапарының (2021 жылғы 25-26 қараша), оның Еуропалық Одақ және Бельгия басшылығымен кездесуінің қорытындыларын талқылады. Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының Брюссельге сапары Қазақстан-Еуропа қатынастарына жаңа серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ, М.Баймұхан Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, ҚР-да халықты вакцинациялау, «QazVac» қазақстандық вакцинасын өндіру туралы айтып берді.

Еуропалық комиссияның экс-президенті Қазақстанның дамуына, өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне, ең алдымен Ауғанстандағы ағымдағы жағдайға қызығушылық танытты. Еуропалық саясаткер Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша Қазақстанның тәсілдері және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету, оның ішінде 5 мың тонна ұн көлеміндегі гуманитарлық көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар болды. Әңгіме барысында ҚР Ауғанстанға халықаралық гуманитарлық көмек жеткізу мәселелерінде БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен және еуропалық серіктестермен белсенді өзара іс-қимыл жасайтыны атап өтілді.

Кездесу барысында жасыл экономика саласындағы байланысты кеңейтуге, ҚР мен Люксембург арасындағы инвестицияға тиісті көңіл бөлінді. Ж. Юнкер Люксембургпен сауда-экономикалық салада белсенді ынтымақтасуды ұсынды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем және ядролық қауіпсіздік үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру - антиядролық қозғалысты ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды. Ж.Юнкер Елбасымен көпжылдық жеке достығын үлкен ықыласпен еске алатынын және оған өзінің ізгі тілектерін жеткізуді сұрағанын атап өтті.  

Соңында Елші Ж.Юнкерді Ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсына қосылуға шақырды.

2019 жылғы қарашада Астана клубының 5-отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа халықаралық бастама – Ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін көшбасшылардың жаһандық альянсын құру туралы жариялады. Көптеген беделді және жауапты әлемдік көшбасшылар Тұңғыш Президенттің халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға нақты үлес қосуға қабілетті жаһандық ауқымдағы бірлестік құру туралы идеясын қолдады. Альянстың мақсаты - әлемдік көшбасшылар мен белсенділерді ядролық соғыс қаупінен азат адамзаттың қауіпсіз болашағын құруды ілгерілететін кең коалицияға біріктіруге қабілетті ықпалды жаһандық платформа болу.

Жан-Клод Юнкер – әйгілі еуропалық саясаткер. 2014-2019 жылдар аралығында Жан-Клод Юнкер Еуропалық Одақтың жоғары атқарушы билік органының-Еуропалық комиссияның (Еурокомиссияның) басшысы болды.Ол Люксембург Ұлы Герцогтігінің Қаржы министрі және Премьер-министрі қызметтерін атқарды.