Отыз жылда халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсадым – Н.Назарбаев

«Тәуелсіздік тағылымы». Осындай атаумен елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы жарық көрді. Мақаланың толық мәтіні Тұңғыш Президент сайтында жарияланды.

«Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым», – делінген мақалада. Елбасы отыз жыл бедерінде еліміз бағындырған белестерді жіпке тізе отырып, Тәуелсіздікке жету жолындағы ата-бабаларымыздың төккен тері жайында тебірене жазған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – Тәуелсіздіктің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған Тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.