Сенаторлар сот жүйесін одан әрі реформалау туралы заң жобаларын қарайды

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды. Онда депутаттар 2021 жылғы 9 желтоқсанға жоспарланған Сенат отырысында қаралатын мәселелерді бекітті.

Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда енгізілді.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, заңнамалық өзгерістер сот өндірісіне IT-сервистерді енгізу, судья кадрларын конкурстық іріктеуді жүргізуге қосымша талаптар енгізу, сондай-ақ сот жүйесін қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу мәселелеріне қатысты болып отыр.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда қарайды.

Осы Заң жобасы бойынша медиаторлар ұйымының негізгі міндеттері мен уәкілетті органның құзыреті айқындалды. Медиатордың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Онлайн-медиацияны дамытуға бағытталған түзетулер де қарастырылған.